Соңғы жылдары тұрақты даму мен экология жекелеген компаниялар үшін ғана емес, оқу орындары үшін де маңызды бағытқа айналды. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге үлес қосу ұмтылысында белсенді түрде «жасыл» бастамаларды іске асырып, тұрақты даму бағдарламаларын әзірлеуде. Осы тұрғыда біз ҚазҰАЗУ жанындағы Жасыл және тұрақты даму институтының директоры Рафис Абазовпен әңгімелесіп, университеттің экологиялық жобаларды қалай іске асырып жатқанын, олардың студенттер мен оқытушылардың өміріне қандай өзгерістер енгізгенін, осы үдерісте бизнестің қандай рөл атқаратынын талқыладық.

 

Неліктен тұрақты даму мен экология тақырыбы сіздің университетіңіз үшін маңызды тақырыпқа айналды?

Біздің университет Қазақстандағы тұрақты даму саласындағы аграрлық саясат пен ғылыми тәсілдерді қалыптастыруда тарихи басты орын алады. Экологиялық мәселелерді, тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) және «жасыл» экономиканы іске асырудағы халықаралық тәжірибені зерделеу – ЖОО-ның білім беру, ғылыми-зерттеу және қоғамдық қызметіне терең интеграцияланған стратегиялық басымдықтардың бірі. Білім беру жүйесіндегі біздің мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешені (АӨК) үшін халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау. Сондықтан біз өз студенттеріміздің бойында экологиялық жауапкершілікті және қоршаған ортаны, табиғи ресурстарды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ экологиялық теңгерімді сақтау және климаттық өзгерістермен күресу құралдарын зерделеуге міндеттіміз.

Атақты жазушы Джон Рональд Руэл Толкин айтқандай: «Әлемді жасыл түспен бояу қиын емес. Әлемді шынайы жасыл ету өте қиын!» Сондықтан, университетіміздің өз-өзіне тағайындаған миссиясы – жоғары білікті мамандарды даярлау ғана емес, тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) шеңберінде тұрақты шешімдер қабылдауға қабілетті ұрпақты тәрбиелеу, «жасыл» технологияларды ілгерілету және ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық деңгейлеріне экологиялық таза әдістерді енгізу. Тұрақты даму стратегиясы аясында біз «Жасыл кампус» бастамасын жүзеге асырып, энергияны үнемдеу, қалдықтарды бөлек жинау, көгалдандыру және экологиялық білім беру бағдарламаларын әзірлеп жатырмыз.

Университет тұрақты негізде қандай нақты экологиялық бастамаларды жүзеге асырады?

«Жасыл кампус» тұжырымдамасы аясында «Жасыл кеңсе», «Жасыл апта», «Пластиктен бос дүйсенбі» және т.б. экологиялық бастамалар жүйелі түрде іске асырылуда. Жүргізіліп жатқан бастамалардың ішінде келесі негізгі бағыттарды ерекше атап өтуге болады: қалдықтарды басқару, көгалдандыру, экологиялық білім беру, су ресурстарын басқару жобаларын әзірлеу, ұлттық және халықаралық жобаларға қатысу. Қазіргі кездегі басты бағдарламалардың бірі – «3.2.1.Старт!».

Университетте қалдықтарды сұрыптап жинау бағдарламасы бар: қағаз бен пластмассаға арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Пластикалық бөтелкелер мен аккумуляторлық батареяларды жинау бойынша экологиялық науқандар үнемі өткізіліп отырады. Бұл бастамалар қоршаған ортаға жағымсыз әсерді азайтып қана қоймай, студенттер мен қызметкерлер арасында жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастырады.

Көгалдандыруға көп көңіл бөлінуде. Студенттер мен мұғалімдер кампуста және қаланың іргелес аумақтарында ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызады. Мысалы, жақында біздің еріктілер халықаралық студенттермен бірге Іле Алатау Ұлттық Саябағында жабайы Сиверс алма ағаштарын отырғызды. Сондай-ақ, табиғатты пайдалану және тұрақты даму тақырыбы бойынша мастер-кластар мен семинарлар өткізіледі.

Университет экологиялық білім беру саласында жергілікті билік органдарымен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтасады. Оқу жоспарына тұрақты даму және экологиялық қауіпсіздік курстары кіреді. Сонымен қатар, студенттердің экологиялық клубы тұрақты негізде жұмыс істеп, көптеген волонтерлік жобалар мен науқандарға бастама береді.

Экологиялық жауапкершілік университеттің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуда, оны инфрақұрылымдық шешімдерден бастап әрбір студенттің «жасыл» бастамаларға қатысқанынан байқауға болады.

Сіздерге «3.2.1.Старт!» жобасы не берді?

«3.2.1.Старт!» бағдарламасына қатысу экологиялық бастамаларды жандандыруға және студенттерді тұрақты дамуға кеңірек жұмылдыруға елеулі серпін берді. Ол пластикалық қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін тереңдетіп қана қоймай, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыратын платформа қызметін атқарды. Менің ойымша, ең бастысы – студенттерді экологиялық бастамаларға тарту. Егер олардың ғаламшарды құтқаруға шамасы жетсе, бәлкім олар дипломдарын да белгіленген мерзімде тапсыра алар!

Осы бастама аясында кампуста пластикалық бөтелке жинайтын жаңа пункттер орнатылды, пластиктің қауіпі мен оны қайта өңдеу қажеттілігі туралы тұрақты ақпараттық науқандар мен дәрістер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, студенттердің өздері осы іс-шараларды ұйымдастырып, өздерінің көшбасшылық дағдыларын көрсете бастағаны әсіресе қуантады.

Жоба университетке қалдықтарды басқару және тұрақты тұтыну тақырыбын оқу процесіне енгізуге және экологиялық ҮЕҰ-мен, жеке сектормен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, экология және кәдеге жарату саласындағы сарапшылардың қатысуымен шеберлік сыныптары мен ашық дәрістер өткізілді.

Сіз осындай жобалардың жастар бойында жауапты тұтыну және ресурстарға ұқыпты болу дағдыларын қалыптастыруға қосқан үлесін қалай бағалайсыз?

«3.2.1.Старт!» және «Жасыл кампус» сияқты тұрақты дамуға бағытталған жобалар жастарды жауапты тұтыну мәдениетіне және экологиялық бағдарланған өмір салтына баулуда басты рөл атқарады. Студенттер үшін мұндай бастамаларға қатысу білім беру процесіне ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға тікелей үлес қосу мүмкіндігіне айналады.

Сіздің ойыңызша бизнес жоғары оқу орындарындағы экологиялық жобалар мен тұрақты дамуды қолдауда қандай рөл атқаруы тиіс?

Бiрiншiден, компаниялар көмiртегi iзiн азайтуға, "жасыл" технологияларды енгiзуге және экологиялық бiлiм берудi дамытуға бағытталған бiрлескен жобаларға инвестиция салу арқылы жоғары оқу орындарымен стратегиялық ынтымақтастық құра алады. Екіншіден, бизнес практикалық кейстер мен өз тәжірибесін ұсына алады. Компания өкілдерінің білім беру іс-шаралары мен тренингтерге қатысуы студенттерге тұрақтылықтың нақты міндеттерін түсінуге және алған білімдерін болашақта қолдануға көмектеседі. Бұл тәсіл «ғылым-бизнес-қоғам» буынын нығайта түседі.

Сондай-ақ, қоршаған ортаға қызығушылық танытқан студенттерге тағылымдама мен жұмыс орындарын ұсынуда бизнестің рөлі ерекше. Бұл тұрақты дүниетанымы бар мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун айтқандай, «Бізде Б жоспары жоқ, себебі бізде Б планетасы жоқ!»

Сондықтан да, компаниялар, мысалы, «3.2.1. Старт!» жобасы аясында біздің экологиялық іс-шараларымызға, конкурстарға, хакатондарға және еріктілер бағдарламаларына демеушілік жасап, қоғам назарын экологиялық проблемаларға аударып жатыр.

Осылайша, жоғары оқу орындары мен бизнестің тұрақты даму саласындағы өзара іс-қимылы экологиялық жауапты болашақ құру үшін аса қажетті өзара тиімділікті қалыптастырып отыр.